Емізетін ананың тамақтануы


Енді сіз екі адам үшін емес, екі адамға арнап тамақтануыңыз керек, өйткені баланың ана сүті арқылы алатын нәрлі заттардың көбі ананың организміндегі қордан келіп түседі. Емізетін әйелдің ас мәзірі әр алуан болуы тиіс және қажетті дәрумендерден, микроэлементтер мен нәрлі заттардан тұруы тиіс. Бұл баланың дұрыс өсіп-жетілуіне ғана емес, сондай-ақ әйелдің өзін-өзі жақсы сезінуі үшін де аса маңызды. Емізетін әйел күніне 5-6 рет, баланы емізер алдында шамамен 30 минут бұрын тамақтанғаны жөн (сонда балаға арналған сүт уақытылы келеді).

Қажетсіз тағамдар

Емізетін әйелдің рационынан ең алдымен ананың немесе баланың аллергиясын қоздыратын тағамдардың бәрін алып тастаған жөн. Бұл құлпынай, цитрус және тропикалық жемістер, шоколад, теңіз өнімдері, саңырауқұлақ, жаңғақ және бал. Сондай-ақ есіңізде болсын, сиыр сүтінің ақуызы баланың бойында аллергияның пайда болу қаупін тудырады, сондықтан да алғашында майы алынбаған сиыр сүтінің орнына сүтқышқылды өнімдерді пайдаланыңыз.

Мүлдем алынып тасталатын тағамдар

Емізетін ананың күндізгі рационынан алкоголь, кофе және қою шайды алып тастау керек, бұл сусындар баланың жүйке жүйесіне қоздыратын әсер береді. Емізетін ана бояуыштар, хошиістендіргіштер және консерванттар сияқты әртүрлі тағамдық қоспалардан тұратын өнімдерді, сондай-ақ ысталған, ащы тағамдарды, газдалған сусындарды, майонез және әртүрлі тұздықтарды пайдаланбауы тиіс.

Ұсынылатын тағамдар

Рацион толыққанды және әртүрлі болуы тиіс. Емізетін аналар майсыз сүтқышқылды өнімдер, майсыз сүзбе, өңделген көкөністер (мысалы, картоп, сәбіз, кәді), жергілікті жемістер (алмұрт, алма, қара өрік), жармалар (тары, қарақұмық, сұлы) және нан (ірілеп тартылған ұннан және ашытқысыз дайындалған), ет (ақ құс еті, сиырдың майсыз сұрыптары) жеуі керек. Тәтті заттар баланың ішін шаншытуы мүмкін, сондықтан да олардың орнына жаңа піскен жемістер мен кептірілген жемістерді пайдаланған жөн, сондай-ақ құрғақ печенье, зефир, пастила және табиғи мармелад жеуге болады. Ашық қара және көк шай, морс, компот, газдалмаған минералды су, шөп шай ішкен жөн.

Әрине, алғашқы 2 айда күндізгі рационыңызға баса назар аударуыңыз керек, десе де біраз уақыттан кейін ас мәзіріңізді абайлап кеңейте беруге болады. Жаңа өнімдерді бір-бірден, біртіндеп, 3-4 күнде бір рет енгізіңіз, тағамдық күнделік жүргізіңіз. Аллергиялық реакция болған жағдайда аллергенді нақты анықтап, оны рационыңыздан шығарып тастай аласыз.

Лактацияның қалыпты болуын қамтамасыз ету үшін әйел тәулігіне 2 литрге дейінгі мөлшерде сұйықтық (су, шырындар, компот, шай) ішуі тиіс. Ана баланы тамақтандырардан 30 мин. бұрын тамақтануы немесе шай ішуі тиіс, сонда сүт емшекке уақытында келеді.