Музыкалық қабілетін дамытуға арналған жаттығулар


«Тауып ал» жаттығуы

Үстелге стақан, қорап, кубик, қоңырау сияқты әртүрлі дыбыс шығаратын заттарды орналастырыңыз. Бала көзін жауып, дыбысына қарай, қай стақанды қозғағанын және қай қорапты ұрғанын табу керек. Қолдан жасалған сылдырмақты немесе балаларға арналған музыкалық құралдарды да пайдалануға болады. Жасы – 9 айдан асқан балалар.

«Бұл қай жануар?» жаттығуы

Ересек адам музыкалық құралдардың немесе қолда бар құралдардың көмегімен жоғарылығы және қанықтығы әртүрлі дыбыстар шығарады. Бала дыбыстардың сипатын табуы тиіс. Төмен, жуан дыбыстар – аю. Жоғары, жеңіл – құс. Ырғақты жүріс – жұлдызқұрт және тағы басқа. Содан кейін әртүрлі жануарлардың қандай дыбыс шығаратынын баладан сұрап көріңіз. Жасы – 1-3 жас.

«Кіп-кішкентай дауылпазшы» жаттығуы

Ересек адам қарапайым ырғақты тарсылдатып ұрады, ал бала соны қайталауы тиіс. Күрделендіру үшін бірінші жаттығудағы заттарды алып қолдануға болады. Ырғақты жай ғана қайталап қоймау керек, сондай-ақ заттарды соғу тәртібін қайталауы керек. Жасы – 1 жастан бастап.