Mазмұны

Емізетін ананың тамақтануы


Бала өмірінің алғашқы бір жылы – ең қанық әрі күрделі кез. Сәби жылдам өсіп, салмағы қосылады, жаңа қимыл-қозғалыстарды үйреніп, қоршаған әлемді тани бастайды, жеке мінез-құлқын қалыптастырады. Бірінші жылы орталық жүйке, асқорыту, эндокринді және иммундық жүйелері белсенді түрде құрылуын жалғастырып, тірек-қимыл аппараты дамиды. Өмірінің алғашқы айларында баланың өсіп-жетілуін көптеген мамандар бақылап отырады, олар сіздің тарапыңыздан туындаған сұрақтардың бәріне жауап беруге әрқашанда даяр. Десе де, бірде-бір маман баланы дәл ана секілді толық біле бермейді. Босанғаннан кейін небәрі бірер апта өткен соң баланың өсіп-жетілуі және оның көңіл-күйіне қатысты мәселелердің нағыз сарапшысы атанасыз.

Қажетсіз тағамдар

Емізетін әйелдің рационынан ең алдымен ананың немесе баланың аллергиясын қоздыратын тағамдардың бәрін алып тастаған жөн. Бұл құлпынай, цитрус және тропикалық жемістер, шоколад, теңіз өнімдері, саңырауқұлақ, жаңғақ және бал. Сондай-ақ есіңізде болсын, сиыр сүтінің ақуызы баланың бойында аллергияның пайда болу қаупін тудырады, сондықтан да алғашында майы алынбаған сиыр сүтінің орнына сүтқышқылды өнімдерді пайдаланыңыз.

Мүлдем алынып тасталатын тағамдар

Емізетін ананың күндізгі рационынан алкоголь, кофе және қою шайды алып тастау керек, бұл сусындар баланың жүйке жүйесіне қоздыратын әсер береді. Емізетін ана бояуыштар, хошиістендіргіштер және консерванттар сияқты әртүрлі тағамдық қоспалардан тұратын өнімдерді, сондай-ақ ысталған, ащы тағамдарды, газдалған сусындарды, майонез және әртүрлі тұздықтарды пайдаланбауы тиіс.

Ұсынылатын тағамдар

Рацион толыққанды және әртүрлі болуы тиіс. Емізетін аналар майсыз сүтқышқылды өнімдер, майсыз сүзбе, өңделген көкөністер (мысалы, картоп, сәбіз, кәді), жергілікті жемістер (алмұрт, алма, қара өрік), жармалар (тары, қарақұмық, сұлы) және нан (ірілеп тартылған ұннан және ашытқысыз дайындалған), ет (ақ құс еті, сиырдың майсыз сұрыптары) жеуі керек. Тәтті заттар баланың ішін шаншытуы мүмкін, сондықтан да олардың орнына жаңа піскен жемістер мен кептірілген жемістерді пайдаланған жөн, сондай-ақ құрғақ печенье, зефир, пастила және табиғи мармелад жеуге болады. Ашық қара және көк шай, морс, компот, газдалмаған минералды су, шөп шай ішкен жөн.

Әрине, алғашқы 2 айда күндізгі рационыңызға баса назар аударуыңыз керек, десе де біраз уақыттан кейін ас мәзіріңізді абайлап кеңейте беруге болады. Жаңа өнімдерді бір-бірден, біртіндеп, 3-4 күнде бір рет енгізіңіз, тағамдық күнделік жүргізіңіз. Аллергиялық реакция болған жағдайда аллергенді нақты анықтап, оны рационыңыздан шығарып тастай аласыз.

Лактацияның қалыпты болуын қамтамасыз ету үшін әйел тәулігіне 2 литрге дейінгі мөлшерде сұйықтық (су, шырындар, компот, шай) ішуі тиіс. Ана баланы тамақтандырардан 30 мин. бұрын тамақтануы немесе шай ішуі тиіс, сонда сүт емшекке уақытында келеді.