Mазмұны

Аралас және жасанды тамақтандыру ерекшеліктері


Дұрыс тамақтандыру

Өкінішке орай, сүттің тартылуы, ананың ауыруы және т.б. салдарынан емшек емізуді жалғастыру мүмкін емес жағдайлар болады. Аралас және жасанды жолмен тамақтандыруға көшу баппен болуы тиіс және де бұл кезде көптеген сұрақтар туындайды. Балаларды тамақтандыру жөніндегі сарапшы өз басынан өткен тәжірибесімен және кәсіби білімімен бөлісуге қашанда даяр.

Ана сүті – жаңа туылған нәресте үшін ең жақсы тағам. Қоспаны пайдаланар алдында маманмен кеңескен жөн.

Ана сүтінің балаға жеткілікті екеніне көз жеткізіңіз

Сүттің жетіспеуінің негізгі белгілері:

  1. Тамақтандыру кезінде және тамақтандырудан кейін баланың жиі мазасыздануы, баланың тамақтандыру арасындағы бұрынғы уақыт аралығына шыдамауы.

  2. Әдетте, баланы тамақтандырып болғаннан кейін емшек бездерінде сүттің қалмауы.

  3. Баланың ішінің жүрмей қалуы, сирек әрі қатты дәреттің байқалуы.

  4. МБаланың кіші дәретінің сиреуі (тәулігіне 6-7 реттен кем), ал кіші дәретінің иісінің тым ащы болуы және айтарлықтай қоюлануы.

Ана сүті – жаңа туылған нәресте үшін ең жақсы тағам. Балалар қоспасын пайдаланар алдында маманмен кеңескен жөн. *

Егер осы белгілердің қандай да біреуін байқасаңыз, маманға жүгіну керек. Себебін анықтау және қажет болған жағдайда уақытында ем қабылдау толыққанды емшек емізуді сақтап қалуға көмектеседі.

Лактациялық криздер

Сүттің бөлінуінің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Аналардың көбі лактациялық криз деген ұғыммен таныс. Бұл әйелдер организмінің гормондық белсенділігінің цикліне байланысты физиологиялық құбылыс. Лактациялық криздер, әдетте, лактацияның 3-6 аптасында және 3, 4, 7, 8 айында орын алуы мүмкін. Сүттің мөлшері уақытша төмендеген жағдайда баланы жиі-жиі емізу, еркін тамақтану режиміне ауысу (баланың алғаш талап етуіне қарай), түнгі уақытта емізуді міндетті түрде сақтау қажет. Емізетін әйел ештеңеге алаңдамауы, тағамы әртүрлі әрі толыққанды болуы, жиі әрі жылы сұйықтық ішу керек, тамақтандырардан 15-20 минут бұрын сүт беретін арнайы шөптерді немесе препараттарды пайдалануға да болады.

Егер қабылданған іс-шаралар сүттің мөлшерін көбейтпесе, баланы қосымша тағаммен тамақтандыру бойынша маманмен кеңескен жөн.

Қазіргі таңда дүкендерде балалар тағамы өнімдерінің мол түрі ұсынылған, алайда сәбиіңізге жарамды қоспаны тек маман ғана таңдай алады. Туғаннан бастап 6 айға дейінгі балаларға заттаңбасында атауымен қатар тұратын 1 деген санмен белгіленетін «бастапқы» қоспалар пайдаланылады. 2 деген саны бар қоспа 6 айдан асқан балаларға, ал 3 саны бар қоспа 12 айдан бастап берілетінін білдіреді.

Ана сүті жетіспеген жағдайда

Егер емшектегі сүтіңіз жетпей, маман балаға қосымша тағам беруді ұсынса, қарапайым үш қағиданы ұстануыңыз тиіс:

  1. балаға қосымша тағамды емшек еміп болғаннан кейін ғана беру керек;

  2. қоспаның мөлшерін маман анықтауы тиіс (бастапқы кезеңде баланың ішкен ана сүтінің мөлшерін анықтау үшін таразы қажет болуы мүмкін);

  3. балаға қоспаны «көз мөлшерімен» беруге болмайды және де бұл асқорыту жүйесінің жетілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Толықтай жасанды жолмен тамақтандыру кезінде белгілі бір тамақтандыру режимін ұстану керек (баланың талап етуі бойынша емін-еркін тамақтандыруға рұқсат етілмейді). Қоспаның тәуліктік және бір реттік мөлшерін баланың жасы мен салмағына қарай маман анықтайды.

Бөтелкеден емізу ережелері

Балаға арналған тағамды дайындар алдында міндетті түрде қолыңызды мұқият жуыңыз.

Емізікті таңдаған кезде саңылауының көлеміне назар аудару қажет, яғни саңылау ірі болмауы тиіс, қоспа саңылаудан ақпай, тамшылауы қажет. Бөтелке мен емізікті тамақтандырып болғаннан кейін бірден жуу керек. Әрбір тамақтандырған сайын таза ыдысты пайдаланыңыз.

Қоспаны тікелей берер алдында дайындап, балаға жылы күйінде берген жөн. Қоспаның тым ыстық еместігін әрдайым тексеріңіз, оның температурасы 37-38°С болуы тиіс.

Тамақтандыру барысында бөтелкені емізігі қоспаға толып тұратындай етіп ұстап тұру керек, әйтпеген жағдайда бала тағаммен бірге ауа жұтып қояды, оның салдарынан бала лоқсуы немесе құсуы мүмкін.

Тамақтандырып болғаннан кейін баланы абайлап көтеріп, жұтып қойған ауасы шығу үшін тік қалпында бірнеше минут ұстап тұру керек.

Есіңізде болсын:
  1. Тағамның қалдығын келесі жолы тамақтандыру үшін пайдаланбаңыз

  2. Қоспаны алдын ала дайындамаңыз

  3. Өнім қаптамасында көрсетілген өндірушінің нұсқаулықтарын ұстаныңыз

  4. Сақтаған кезде дәрумендердің көбі бұзылатынын есіңізден шығармаңыз

  5. Түйіршіктердің түзілуіне жол бермес үшін қоспаны АЖЖ-пештеріне жылытпаңыз

  6. Дайын болған қоспаға артық ештеңе қоспаңыз